Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы

Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы


Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107 Заңы

"Егемендi Қазақстан" 2000 жылғы 1 желтоқсан N 302-303


МАЗМҰНЫ

Осы Заң басқару қызметiн ұйымдастыруды жетiлдiруге, мемлекеттiк органдардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, басқарушылық шешiмдердi жедел қабылдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, мемлекеттiк мүдделердi қорғауға, мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық өкiлеттiктi қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануына жол бермеуге, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету жөнiндегi қызметке жәрдемдесетiн әкiмшiлiк рәсiмдердi белгiлеуге бағытталған.
Ескерту. Кiрiспеге өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.06.18 N 262 Заңымен.


1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР


1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

1. Әкiмшiлiк рәсiмдер деп:
1) мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың мемлекеттiк функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыру кезiнде шешiмдер қабылдау мен орындау тәртiбi және оларды ресiмдеу, оның iшiнде электрондық нысанда ресiмдеу;
2) мемлекеттiк аппараттың жұмысын ұйымдастыру рәсiмi;
3) азаматтардың өз құқықтарын iске асыру жөнiндегi өтiнiштерiн қарау рәсiмдерi, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн әкiмшiлiк қорғау рәсiмдерi;
4) экономика саласындағы шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң негiзгi бастаулары ұғынылады.
2. Мемлекеттiк органдар деп мемлекет атынан Конституция, заңдар, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер арқылы:
1) жалпыға бiрдей мiндеттi мiнез-құлық ережелерiн белгiлейтiн актiлер шығару;
2) әлеуметтiк мәнi бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеп отыру;
3) мемлекет белгiлеген жалпыға бiрдей мiндеттi мiнез-құлық ережелерiнiң сақталуына бақылау жасау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк мекемелер ұғынылады.
2-1. Мемлекеттiк органның құзыретi деп мемлекеттiк орган қызметiнiң нысанасын айқындайтын оның белгiленген өкiлеттiктерiнiң жиынтығы ұғынылады;
мемлекеттiк органның өкiлеттiктерi деп мемлекеттiк органның құқықтары мен мiндеттерi ұғынылады;
мемлекеттiк органның құқықтары деп белгiлi бiр iс-әрекеттi жасау, басқа тұлғадан (басқа тұлғалардан) белгiлi бiр мiнез-құлықты (ic-әрекеттi немесе iс-әрекет жасаудан тартынуды) талап ету мүмкiндiгi ұғынылады;
мемлекеттiк органның мiндеттемелерi деп мемлекеттiк орган орындауға мiндеттi iс-әрекет шеңберi ұғынылады;
мемлекеттiк органның мiндеттерi деп мемлекеттiк орган қызметiнiң негiзгi бағыттары ұғынылады;
мемлекеттiк органның функциялары деп мемлекеттiк органның қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруы ұғынылады.
Мемлекеттiк органның құзыретi, өкiлеттiгi, функциялары мен мiндеттерi Конституцияда, заңдарда және Президент, Үкiмет, өзiнен жоғары тұрған орталық мемлекеттiк орган қабылдайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.
2-2. Мемлекеттiк қызмет көрсету - мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының және өзге де жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың жекелеген функцияларын iске асыру нысандарының бiрi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жеке және заңды тұлғалардың (мемлекеттiк органдарды қоспағанда) қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, жеке сипаттағы әрi жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (мемлекеттiк органдарды қоспағанда) өтiнiшi бойынша жүзеге асырылатын қызметi.
Мемлекеттiк қызмет көрсету мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң стандарттары мен регламенттерi шеңберiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы немесе тегiн негiзде көрсетiледi.
2-3. Мемлекеттiк қызмет көрсету стандарты – мемлекеттiк қызмет көрсету процесiнiң, нысанының, мазмұны мен нәтижелерiнiң сипаттамасын қамтитын мемлекеттiк қызметтер көрсетуге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт.
2-4. Алынып тасталды - 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
2-5. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмi - мемлекеттiк қызметтер көрсетудi алушыларды, олардың көрсетiлуiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдарды және ұйымдарды көрсете отырып, республикалық және жергiлiктi деңгейде көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң үнемi жаңартылып отыратын тiзбесiн және басқа да сипаттамаларды қамтитын нормативтiк құқықтық акт.
2-6. Мемлекеттiк қызмет көрсету регламентi – мемлекеттiк қызмет стандартының сақталуына қойылатын талаптарды белгiлейтiн және мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының, мемлекеттiк қызметтер көрсететiн лауазымды адамдардың, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк қызмет көрсетуiнiң тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт.
Мемлекеттiк қызмет көрсету регламентi мемлекеттiк қызмет көрсету процесiне қатысатын мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының және өзге де жеке және заңды тұлғалардың iс-қимылының (өзара iс-қимылының) сипаттамасын да белгiлейдi.
2-7. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету – ақпараттық технологияларды қолдана отырып, электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер.
3. Лауазымды адамдар деп осы Заңда мемлекеттiк функцияларды (өкiмет өкiлiнiң функцияларын) тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларын орындайтын адамдар ұғынылады.
Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына байланысты лауазымды адамдар өздерiне жүктелген функцияларды:
1) жеке-дара өкiм жүргiзу тәртiбiмен мемлекеттiң нақты лауазымды адамының атынан;
2) нақты мемлекеттiк органда шешiмдер қабылдаудың заңдарда көзделген тәртiбiне байланысты жеке-дара өкiм жүргiзу тәртiбiмен не алқалық тәртiппен нақты мемлекеттiк органның және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң атынан жүзеге асыра алады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.03.12 N 536, 2007.06.18 N 262, 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2011.04.01 N 425-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.


2-бап. Осы Заңның қолданылу шектерi

1. Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер заң актiлерiмен реттелмеген бөлiгiнде:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Мемлекет басшысының қызметiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың, Президентке тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың
2) Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталары, Орталық сайлау комиссиясы аппараттарының
3) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Жоғарғы Соты мен өзге де соттары аппараттарының
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Премьер-Министрi Кеңсесiнiң, орталық атқарушы органдарының
5) Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары аппараттарының
6) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарының
7) мемлекеттiк қызметтердi ұсынуы кезiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерiнiң қызметiнде қолданылады.
2. Осы Заңда көзделген рәсiмдердiң күшi:
1) азаматтардың өтiнiштерiн қарауға және қаралу тәртiбi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарда, қылмыстық iс жүргiзу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген өзге де iстердi қарауға;
2) дайындалу рәсiмi өзге заң актiлерiнде көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi дайындауға;
3) жүзеге асырылу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн стратегиялық, бюджеттiк және экономикалық жоспарлау түрлерiне қолданылмайды.
Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.06.18 N 262, 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.


3-бап. Әкiмшiлiк рәсiмдердi белгiлеу принциптерi

Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер:
1) заңдылық
2) төменгi мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдарға бағынуы;
3) заң мен сот алдында баршаның теңдiгi;
4) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдалық көрiнiстерiне жол бермеу;
5) әкiмшiлiк рәсiмдерiнде көзделген iс-әрекеттер мен актiлердiң барлық азаматтар, ұйымдар мен лауазымды адамдар үшiн мiндеттiлiгi;
6) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi мен мүдделерiнiң теңбе-тең болуы;
7) мемлекеттiк құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңдарды қатаң сақтай отырып, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
8) мемлекеттiк билiктiң беделiн қолдау мен Қазақстан Республикасының беделiн түсiретiн және мемлекеттiк қызмет мүдделерiне қайшы келетiн iс-әрекеттерге жол бермеу, соның iшiнде сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұру, мемлекеттiк қызметшiлер үшiн заңдарда белгiленген тыйымдар мен шектеулердi қатаң сақтау;
9) барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдар үшiн әкiмшiлiк рәсiмдер талаптарының бiрыңғай болуы;
10) барлық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiң лауазымды адамдары құзыреттерiнiң ара-жiгiн айқын межелеу және олардың келiсе отырып жұмыс iстеуi;
11) үнемдiлiк пен тиiмдiлiк;
12) мемлекеттiк қызметтердiң қол жетiмдiлiгi мен сапасы принциптерiне негiзделедi.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.06.18 N 262 Заңымен.


2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ
МЕМЛЕКЕТТIК ФУНКЦИЯЛАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫҚ ӨКIЛЕТТIКТЕРДI ЖYЗЕГЕ
АСЫРУЫ КЕЗIНДЕ ШЕШIМДЕР ҚАБЫЛДАУ ТӘРТIБI ЖӘНЕ ОЛАРДЫ РЕСIМДЕУ


4-бап. Мемлекеттiк органдардың өз функцияларын жүзеге
асыруы кезiнде шешiмдер қабылдауы

1. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар мемлекеттiк функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыруы кезiнде құқықтық актiлер шығару арқылы шешiмдер қабылдайды.
2. Мемлекеттiк органдардың құқықтық актiсi жеке қолданылатын актiлерге жатады, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:
1) бiр рет не өзгеше шектеулi түрде қолдануға есептеледi;
2) (немесе) заңдарда регламенттелген жағдай шеңберiнде белгiлi бiр тұлғаға не өзге де белгiлi бiр тұлғалар тобына қолданылады;
3) (немесе) белгiлi бiр тұлғаның немесе тұлғалардың өзге шектеулi тобының құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi, өзгертедi, тоқтатады немесе тоқтата тұрады.
3. Жеке қолданылатын құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңдарына кiрмейдi және нормативтiк құқықтық актiлерге жатпайды.
4. Жеке қолданылатын құқықтық актiлердi қабылдау рәсiмдерi, олардың ресiмделуiн, орындалуын және орындалуына бақылау жасауды ұйымдастыру осы Заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.


5-бап. Құқықтық актiлерге және олардың ресiмделуiне
қойылатын талаптар

1. Мемлекеттiк органдардың құқықтық актiсi мынадай талаптарға сай келуге тиiс:
1) құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың құқықтық актiлерiне қайшы келмеуге тиiс;
2) құқықтық актiнiң құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге, ал мазмұны дайындалып жатқан құқықтық актiнiң бiркелкi түсiнiлуi мен қолданылуын қамтамасыз етуге тиiс;
3) құқықтық актiде белгiленiп отырған шаралардың мазмұны анық баяндалуға, құқықтық актiнiң күшi қолданылатын және (немесе) оларды белгiленген мерзiмде iске асыру үшiн жауапты адамдар тобы айқын белгiленуге тиiс;
4) басқарудың төменгi деңгейлерiнде iске асыруды қажет ететiн құқықтық актiлерде белгiлi бiр мемлекеттiк органдарға және (немесе) лауазымды адамдарға оларды орындау жөнiнде берiлетiн нақты тапсырмалар болуға тиiс.
2. Мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн құқықтық актiлерi қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиiс.
3. Әртүрлi деңгейдегi мемлекеттiк органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттiк органның құқықтық актiсi қолданылады.
4. Бiр деңгейдегi мемлекеттiк органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда осы шешiмдi қабылдау құзыретiне кiретiн органның құқықтық актiсi қолданылады. Мүдделi тұлғаның арызы бойынша бiр құқықтық актiнiң басқа құқықтық актiден басымдығы туралы шешiмдi жоғары тұрған мемлекеттiк орган немесе сот қабылдайды.
5. Мемлекеттiк органдардың құқықтық актiсiнде, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптардан басқа, мынадай деректемелер болуға тиiс:
1) құқықтық актiнiң атауы;
2) сол актiде қаралатын нысананы белгiлейтiн тақырып;
3) актiнiң қабылданған орны мен күнi;
4) тиiстi актiге қол қоюға уәкiлеттi адамның (адамдардың) қойған қолы (қолдары);
5) органның мөрi.


6-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру мен
бақылау

1. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың (лауазымды адамдардың) қабылданған шешiмдi уақтылы және толық орындау жөнiндегi ұйымдастыру шараларын әзiрлеуi мен қабылдауы болып табылады.
2. Қажет болған жағдайда құқықтық актiнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган (лауазымды адам) оны орындау жөнiндегi ұйымдастыру шараларының жоспарын әзiрлеп, бекiтедi, ол тiкелей орындаушыларға жеткiзiледi.
3. Егер құқықтық актiде оны орындаудың нақты мерзiмдерi мен тiкелей орындаушылары айқындалмаса, оларды орындаушы мемлекеттiк орган немесе жоғары тұрған орган белгiлейдi және дереу тiкелей орындаушылардың назарына жеткiзiледi.
4. Қабылданған шешiмдердi уақтылы және толық орындау мақсатында мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға тиiс.
5. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
6. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
7. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
8. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


7-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге
асыру тәртiбi

Құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбi «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


8-бап. Мемлекеттiк органдардың құқықтық актiлерiнiң
күшiне енуi және қолданылуының тоқтатылуы

1. Егер мемлекеттiк органның құқықтық актiсiнде неғұрлым кеш мерзiм белгiленбесе, ол қабылданған кезiнен бастап күшiне енедi.
2. Мемлекеттiк органның құқықтық актiсi осы құқықтық акт арналған адамдар оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Құқықтық актiнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн бұл құқықтық актiнi қабылдаған мемлекеттiк орган, одан жоғары тұрған мемлекеттiк орган не сот оның қолданылуын тоқтата тұруы, өзгертуi немесе күшiн жоюы мүмкiн.
4. Мүдделi тұлғалардың жоғары тұрған мемлекеттiк органға немесе сотқа құқықтық актiнiң күшiн жою, өзгерту немесе қолданылуын тоқтата тұру туралы арыз беруi тиiстi шешiм қабылданғанға дейiн құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұрады.


3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ РӘСIМДЕРI


9-бап. Мемлекеттiк органдардың жұмысын жоспарлау

1. Мемлекеттiк органдар өз қызметiн стратегиялық және операциялық жоспарларға, сондай-ақ қажет болған жағдайда тоқсанға, бiр жылға және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналып жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Стратегиялық жоспарларды әзiрлемейтiн мемлекеттiк органдар өз қызметiн тоқсанға, бiр жылға және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналып жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк органның жұмыс жоспарлары органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң ұсыныстары негiзiнде және құқықтық және нормативтiк құқықтық актiлердi орындау үшiн алдын ала жасалады.
Мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi өз жұмыс жоспарларын осы органның жұмыс жоспарының негiзiнде жасайды.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


9-1-бап. Регламент және стандарт

1. Мемлекеттiк орган өз қызметiн ұйымдастыру және оның iшкi тәртiбi мәселелерi бойынша регламент қабылдайды.
2. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасына бiрыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшiн орталық мемлекеттiк органдар мемлекеттiк қызметтер көрсету, оның iшiнде жергiлiктi атқарушы органдар көрсететiн мемлекеттiк қызметтер үшiн стандарттар әзiрлейдi.
3. Қазақстан Республикасының Президентiне бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган әзiрлейтiн мемлекеттiк қызмет көрсету стандартын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн мемлекеттiк орган әзiрлейтiн мемлекеттiк қызмет көрсету стандартын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
Мемлекеттiк қызмет көрсету стандарты Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн үлгiлiк стандарт негiзiнде әзiрленедi.
Орталық мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi атқарушы органдар мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарының сақталуын қамтамасыз етедi.
4. Мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының және мемлекеттiк қызмет көрсететiн өзге де жеке және заңды тұлғалардың қызметiн ұйымдастыру үшiн мемлекеттiк органдар мемлекеттiк қызметтер көрсету регламенттерiн әзiрлейдi және бекiтедi.
Мемлекеттiк қызмет көрсету процесiне бiрнеше мемлекеттiк органдар, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары және өзге де жеке және заңды тұлғалар қатысқан кезде мемлекеттiк қызмет көрсету регламентiн мемлекеттiк органдар бiрлесiп әзiрлейдi және бекiтедi.
Мемлекеттiк қызмет көрсету регламентiн әзiрлеу жөнiндегi әдiснамалық көмектi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Ескерту. 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.18 N 262, жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.


9-2-бап. Мемлекеттiк органның функциялары

Мемлекеттiк органның функциялары стратегиялық, реттеушiлiк, iске асыру және бақылау болып бөлiнуi мүмкiн:
жоспарлы құжаттарды әзiрлеу, қабылдау, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiн айқындау, халықаралық қатынастарды, ұлттық қауiпсiздiк пен қорғаныс қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi функциялар стратегиялық функциялар болып табылады;
мемлекеттiк функциялардың iске асырылуын нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын (лицензиялауды, тiркеудi, сертификаттауды қосқанда) беру, нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалуына талдау жүргiзу, мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру, мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi функциялар реттеушiлiк функциялар болып табылады;
жоспарлы құжаттарды, нормативтiк құқықтық актiлердi орындауға, мемлекеттiк органның жоспарлы құжаттарында көзделген мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзуге, мемлекеттiк қызметтер көрсетудi ұсынуға бағытталған функциялар iске асыру функциялары болып табылады;
жеке және заңды тұлғалар, соның iшiнде мемлекеттiк мекемелер қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларында көзделген талаптарға сәйкестiгi тұрғысынан тексеру және бақылау жөнiндегi функциялар бақылау функциялары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретiн мемлекеттiк органдардың құрылымында функцияларды стратегиялық, реттеушiлiк, iске асыру және бақылау деп бөлудi - Қазақстан Республикасының Президентi, ал орталық атқарушы органдарда Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Ескерту. 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 2007.07.27 N 315 Заңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


10-бап. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет

1. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет - лауазымды адамдардың мемлекеттiк органдарда жүзеге асыратын уәкiлеттi лауазымды адамдардың құқықтық актiлерге жеке-дара қол қоюын, бағынысты қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар беруiн, мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыру жөнiнде өзге де ұйымдық-өкiмшiлiк шараларын жеке-дара қабылдауын қамтитын қызметi.
2. Мемлекеттiк органның басшысы (алқалы мемлекеттiк органдарды қоспағанда) сенiп тапсырылған органға басшылықты жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырады және қабылданатын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жеке жауапты болады.
3. Жеке-дара өкiмшiлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде төменгi лауазымды адамдар өздерiнiң әрекеттерiн жоғары тұрған лауазымды адамның шешiмдерiмен қатаң сәйкестiкте жүзеге асырады. Егер мемлекеттiк функциялар тек қана жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырылса, бұл жағдайда төменгi лауазымды адамдардың мiндетi уәкiлеттi адамның осы қызметiн қамтамасыз ету болып табылады.


11-бап. Алқалы мемлекеттiк органдардың қызметi

1. Шешiмдерi мемлекеттiк органдар мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданатын органдар алқалы мемлекеттiк органдар болып табылады. Алқалы орган қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жауапкершiлiк, шешiмдi қабылдаған кезде қарсы дауыс бергендердi қоспағанда, алқалы органның дауыс беруге қатысқан барлық мүшелерiне жүктеледi.
2. Алқалы органдар қызметiнiң негiзгi нысаны олардың отырыстары болып табылады, оларда осы органдардың шешiмдерi қабылданады.
3. Алқалы мемлекеттiк органдардың отырыстарын дайындау және өткiзу кезiнде уәкiлеттi органдар (олардың құрылымдық бөлiмшелерi) мен лауазымды адамдар мынадай мәселелердi шешедi:
1) отырыстарды жоспарлау - осы отырыстарды өткiзу жоспары әзiрленедi және бекiтiледi. Осы жоспар тиiсiнше тоқсандық және жылдық мерзiмге әзiрленедi, ал тиiстi келiсуден кейiн оны алқалы органның басшысы не алқалы органның қызметiн қамтамасыз ететiн органның басшысы бекiтедi. Бекiтiлген жоспар мүдделi органдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткiзiледi;
2) алқалы мемлекеттiк органның отырысына шығарылатын мәселелердi дайындауды, отырысты өткiзу жөнiндегi өзге де ұйымдық шараларды оның тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi не алқалы органның қызметiн қамтамасыз ететiн орган жүзеге асырады.
4. Отырыстарды жүргiзу тәртiбi алқалы мемлекеттiк органдардың регламенттерiмен айқындалады.
5. Алқалы органның отырысы хаттамаға түсiрiледi.
6. Отырыста қабылданған шешiмдер алқалы мемлекеттiк органның регламентiне сәйкес қаулылармен ресiмделiп, орындаушылардың назарына жеткiзiледi. Қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдердi iске асыру жөнiнде шаралар жоспары жасалып, бекiтiледi, олардың орындалуы бақылауға алынады.


12-бап. Мемлекеттiк органдарда қызметтiк құжаттардың
қаралуы мен өтуi

1. Мемлекеттiк органға немесе тiкелей осы органның басшылығына жолданған қызметтiк құжаттар келiп түсiп, iс қағаздарын жүргiзу қызметi оларды тiркегеннен кейiн басшылыққа берiледi, басшылық оларды қарап, олар бойынша тапсырмалар (қарарлар) дайындайды.
2. Мемлекеттiк органның лауазымды адамы мәселенi өз қарауына алған кезде қойылған мәселенiң шешiмi осы органның немесе осы лауазымды адамның құзыретiне жататынына көз жеткiзуге тиiс.
3. Егер мәселе белгiленген құзырет шегiнен шығатын болса, уәкiлеттi лауазымды адам өтiнiштi құзыреттi мемлекеттiк органға немесе лауазымды адамға жiберу туралы шешiм қабылдап, 3 күннен аспайтын мерзiм iшiнде өтiнiш иесiне мiндеттi түрде хабарлайды.
4. Құжаттарға мемлекеттiк органның атынан оның басшысы, оны ауыстыратын адам (осы органда белгiленген қызметтiк мiндеттердi бөлуге сәйкес) не осы органның өзге уәкiлеттi лауазымды адамы қол қояды.
5. Мемлекеттiк органға қайтаруды қажет ететiн құжаттарды жiберу кезiнде ол құжатқа осы мемлекеттiк органға қайтару қажеттiгi туралы белгi қойылады.
6. Мемлекеттiк органдарда құжаттардың қаралу мерзiмi, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, бiр айдан аспауға тиiс.


13-бап. Ақпарат алмасуға қойылатын талаптар

1. Ақпарат алмасу - мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының өз қызмет өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ақпаратты жөнелтуi және алуы.
2. Ақпарат алмасуды регламенттейтiн рәсiмдер:
1) Қазақстанның бiрыңғай ақпарат кеңiстiгiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiне, оның әлемдiк байланыс пен информатика жүйесiне енуiне;
2) ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттiк ақпарат ресурстарын қорғаудың ұлттық жүйесiн нығайтуға көмектесуi тиiс.
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдарының шешiмдер қабылдауы объективтi және алдын алушы ақпаратқа негiзделуге тиiс.
3. Мемлекеттiк органдар мен олардың бөлiмшелерi арасындағы ақпарат алмасу өзара ақпараттық ағынның ең аз қажеттi көлемiне, берiлетiн басқарушылық ақпараттың қайталануына жол бермеуге негiзделедi.
4. Ақпараттық рәсiмдер мемлекеттiң мүдделерiмен байланысты қызметтiк және өзге де ақпараттың жария етiлуiне жол бермеуi тиiс. Мемлекеттiк қызметшiлерге қызметтiк ақпарат оларға жүктелген қызмет мiндеттерiн орындау үшiн ғана берiледi. Бұл ақпаратты қызметтен тыс мақсаттарға пайдалануға болмайды.
Қызметтiк ақпаратпен жұмыс iстеу ережесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi- ҚР 2007.06.18 N 262 Заңымен.


14-бап. Қызметтiк құжаттардың орындалуын бақылау

1. Мемлекеттiк орган басшысының немесе өзге де жоғары тұрған лауазымды адамның осы лауазымды адам шығарған актiлерге байланысты емес тапсырмаларының орындалуын бақылау осы мемлекеттiк органның тиiстi бөлiмшелерiне жүктеледi.
2. Қызметтiк құжаттар жөнiндегi тапсырмалардың орындалу мерзiмдерiн бақылауды мемлекеттiк органның iс қағаздарын жүргiзу қызметi жүзеге асырады.
3. Бiрнеше орындаушыға берiлген тапсырмалардың орындалуын тапсырмада бiрiншi болып көрсетiлген лауазымды адам үйлестiредi.
4. Iс қағаздарын жүргiзу қызметi бақылаудағы тапсырманың орындалу мерзiмiнiң аяқталуына дейiн тиiстi бөлiмшеге бұл туралы алдын ала ескертпе жiбередi.
5. Тапсырманы орындау үшiн қосымша уақыт қажет болған жағдайда орындаушы тапсырманы берген лауазымды адамға орындау мерзiмiн ұзарту туралы жазбаша өтiнiш бередi. Тапсырманы орындаудың қосымша мерзiмiн тапсырманы берген басшы белгiлейдi.
6. Тапсырманы берген лауазымды адам не өзге уәкiлеттi лауазымды адам орындалған құжаттарды бақылаудан алады.


4-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ЗАҢДЫ МYДДЕЛЕРIН ҚОРҒАУ
РӘСIМДЕРI


15-бап. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiне
қойылатын талаптар

1. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:
1) азаматтар мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға заңдық маңызы бар фактiлердi растайтын құжаттардың ең аз санын беруге мiндеттi болатын құқықтарды iске асыру тәртiбi;
2) азаматтардың құқықтарын iске асырудың және олардың заңды мүдделерiн қамтамасыз етудiң ең қысқа мерзiмi;
3) азаматтардың құқықтарын iске асыру жөнiндегi шешiмнiң жобасы келiсiлетiн орындардың ең аз саны;
4) тиiстi адамның немесе органның iстi қарайтын орны мен уақыты туралы азаматтарға алдын-ала хабарлануы;
5) азаматтың өтiнiшiн қарауға байланысты iстiң материалдарымен оның танысу мүмкiндiгi, азаматтың өз өтiнiшi бойынша талқылауға жеке қатысу мүмкiндiгi;
6) азаматтың өтiнiшiне байланысты iс материалдарының басқа лауазымды адамға негiзсiз берiлуiне жол бермей, азаматтың өтiнiшi жөнiндегi iстi бiр ғана лауазымды адамның жүргiзуi;
7) азаматтың өтiнiшiн қарауды мәселенiң объективтi шешiлуiне мүдделi емес деп ойлауға негiз бар адамға жүктеу жағдайларына жол берiлмеуi көзделуге тиiс.
2. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:
1) шағымды берген немесе шағымда мүддесi көзделген адамға зияны тиетiндей етiп шағымның өңiн айналдыруға;
2) өтiнiште iс-әрекеттерiне шағым айтылған лауазымды адамдарға өтiнiштi жiберуге;
3) азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпиялары туралы мәлiметтердi олардың келiсiмiнсiз жария ету мүмкiндiгiне;
4) азаматтың өтiнiшке қатысы жоқ жеке басы туралы деректердi анықтауға жол берiлмеуге тиiс.


15-1-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету

1. Мемлекеттiк органдар, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, өзге де жеке және заңды тұлғалар мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерi болып табылады.
2. Мемлекеттiк қызмет көрсету жөнiндегi қызмет мемлекеттiк қызмет көрсету стандартының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмiн бекiтедi.
4. Мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерi оны көрсету үшiн мемлекеттiк органдардан, өзге де мемлекеттiк мекемелер мен мемлекеттiк кәсiпорындардан қосымша ақпарат алу қажет болатын қызметтi ұсыну кезiнде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбеген болса, жеке және заңды тұлғалардан оны талап етпей қажеттi ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге тиiс.
5. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмiн жүргiзудi және мемлекеттiк қызмет көрсетудiң үлгiлiк стандартын жетiлдiрудi мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмiн қалыптастыру мен жүргiзу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына мониторинг жүргiзу және оны бағалау үшiн ақпарат жинауды ұйымдыстыруды мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарын әзiрлеудi қамтамасыз ететiн орталық мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
6. Мемлекеттiк органдар өз құзыретiне кiретiн электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мерзiмде қамтамасыз етедi.
Ескерту. 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.18 N 262, жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.


15-2-бап. Мемлекеттiк органдардың жеке және заңды
тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсынуы

1. Мемлекеттiк органдар жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсыну үшiн интернет-ресурстар құрады.
2. Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстары:
1) мемлекеттiк органның қызметi туралы жалпы ақпаратты;
2) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi мен оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының тiзбесiн, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлiметтердi;
3) аумақтық органдардың (олар болған кезде) тiзбесiн, олардың мiндеттерi мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлiметтердi;
4) мемлекеттiк органның қарамағындағы тiзiлiмдердiң, тiркелiмдердiң, кадастрлардың тiзбелерiн;
5) жалпыға қол жетiмдi электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға ұсынылатын электрондық қызметтердiң тiзбелерiн;
6) мемлекеттiк орган қабылдаған және қолданысқа енгiзiлген нормативтiк құқықтық актiлердi;
7) мемлекеттiк орган заңдарға және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес қарауға қабылдайтын өтiнiш құжаттарының үлгiлерiн;
8) ашық конкурстық сауда-саттықтар (тендерлер, аукциондар), сараптамалар мен басқа да iс-шаралар туралы мәлiметтердi және оларды өткiзу шарттарын, сондай-ақ оларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;
9) мемлекеттiк органда жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қараудың тәртiбi туралы ақпаратты, азаматтарды қабылдау кестесiн, өтiнiштерге шолуларды, оларды қараудың нәтижелерi мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты;
10) мемлекеттiк органның жарияланған бос лауазымдары туралы мәлiметтердi, мемлекеттiк қызметтiң бос лауазымдарына орналасу үшiн
кандидаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын;
11) мемлекеттiк органдар басшыларының және олардың
орынбасарларының ресми сөйлеген сөздерi мен мәлiмдемелерiнiң мәтiндерiн;
12) "Сұрақ-жауап" сервисiнiң болуын;
13) азаматтарға интерактивтi сұрақтар қоюды;
14) жаңалықтар тiзбегiн;
15) мемлекеттiк органның құзыретiне қатысты бөлiкте саланың даму жай-күйiн және серпiнiн сипаттайтын ресми статистикалық ақпаратты және (немесе) көрсеткiштердi;
16) мемлекеттiк органның қызметi туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;
17) мемлекеттiк органның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң, аумақтық органдарының және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының почталық мекен-жайларын, электрондық почтасы мекен-жайларын, анықтама қызметтерiнiң телефондарын;
18) өзге де бөлiмдердi қамтуға тиiс.
3. Мемлекеттiк органның интернет-ресурсын дағы жаңалықтар тiзбегiн өзектiлiк орайында жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиiс, өзге де бөлiмдердi өзектiлiк орайында жаңарту қажеттiлiгiне қарай, бiрақ аптасына кемiнде бiр рет жүзеге асырылады.
4. Интернет-ресурс тағы ақпарат осы Заңның 13-бабы 4-тармағының талаптары ескерiле отырып орналастырылады.
5. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.18 N 262, өзгерту енгiзiлдi - 2009.07.10 N 178-IV, 2010.03.19 № 258-IV, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.


16-бап. Азаматтардың өтiнiштерi

1. Азаматтардың өтiнiштер беру, оларды тiркеу тәртiбi, олардың мемлекеттiк органдарда қаралу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Iстi қарау барысында:
1) мемлекеттiк орган мен лауазымды адам өтiнiшке байланысты нақты мән-жайларды анықтайды және зерттейдi, өтiнiш бойынша шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алынуы керек құқық нормаларын айқындайды және қажет болған жағдайда шешiм қабылдау үшiн қажеттi құжаттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен сұратады және алады;
2) азамат өзiнiң өтiнiшiн қарайтын лауазымды адамға дәлелдерiн жеке баяндауға, сондай-ақ өз өтiнiшiнiң негiздiлiгiн растайтын қосымша материалдарды табыс етуге құқылы.
3. Азаматтардың мемлекеттiк орган бөлiмшелерiне жiберiлген өтiнiштерiн қарау барысын бақылауды осы бөлiмшелердiң басшылары жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам өтiнiштердi қарау нәтижелерi туралы арыз берушiлерге жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарады.
5. Азаматтардың өтiнiштерi оларда қойылған мәселелер қаралып, олар бойынша қажеттi шаралар қолданылған және арыз берушiлерге заңдарда белгiленген тәртiппен жауап қайтарылған жағдайда шешiлген болып есептеледi.
6. Егер мәселелердiң шешiлуi ұзақ мерзiмге қалдырылса, өтiнiш ол түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады.
7. Егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болса, арыз берушi мемлекеттiк орган (мемлекеттiк органның лауазымды адамы) заңдарда белгiленген тәртiппен қарап қойған мәселе бойынша қайта арыз беруге құқылы. Егер өтiнiштер бойынша тексеру материалдары толық болса және арыз берушiлерге белгiленген тәртiппен жауап қайтарылса, жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетiлмей, қайта берiлген арыздар тексеруге жатпайды.
8. Мемлекеттiк органның басшысы немесе оның орынбасары азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс жүргiзудi тоқтату және осы iстердi бақылаудан алу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
9. Келiп түскен өтiнiштi бақылаудан алуға тексеру материалдары қоса берiлген өтiнiштi қарау нәтижелерi туралы белгiленген нысандағы құжат (қызметтiк жазбахат, анықтама) немесе мемлекеттiк органның толық жауабы негiз болып табылады.


17-бап. Азаматтың өтiнiшiн қарау нәтижелерi туралы
шешiмге шағымдану

1. Өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге арыз берушi жоғары тұрған мемлекеттiк органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағымдана алады.
2. Лауазымды адамдардың әрекетiне (немесе әрекетсiздiгiне), сондай-ақ мемлекеттiк органдардың шешiмдерiне шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға не сотқа iс-әрекеттiң жасалғаны немесе тиiстi лауазымды адам немесе орган шешiм қабылдағаны туралы азаматқа белгiлi болғаннан кейiн үш айдан кешiктiрмей берiледi. Шағымдану үшiн өтiп кеткен мерзiм мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам не сот үшiн шағымды қабылдамауға негiз болмайды. Мерзiмнiң өтiп кету себептерi шағымды мәнi бойынша қарау кезiнде анықталады және ол шағымды қанағаттандырудан бас тарту негiздерiнiң бiрi болып табылуы мүмкiн.


18-бап. Шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың
өтiнiштерi

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өтiнiштердi қараудың өзгеше ережелерi көзделмесе, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi заңдарда белгiленген тәртiппен қаралады.


19-бап. Жеке қабылдау

1. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары мен олардың орынбасарлары тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды, соның iшiнде сол органдардың қызметкерлерiн айына кемiнде бiр рет жеке қабылдауға мiндеттi.
2. Азаматтарды қабылдау белгiленген және азаматтардың назарына жеткiзiлген күндер мен сағаттарда жүргiзiледi.
3. Егер арызды немесе шағымды лауазымды адам қабылдау кезiнде шеше алмайтын болса, олар жазбаша нысанда баяндалады және олармен жазбаша өтiнiштер ретiнде жұмыс жүргiзiледi.


20-бап. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын
жүргiзу

1. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргiзу заңдарда белгiленген тәртiппен iс қағаздарын жүргiзудiң басқа түрлерiнен бөлек жүргiзiледi.
2. Азаматтардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастыруға, iс қағаздарын жүргiзудiң жай-күйiне органдардың басшылары жеке жауапты болады.


5-тарау. ЭКОНОМИКА САЛАСЫНДА ШЕШIМДЕР ҚАБЫЛДАУДЫҢ НЕГIЗГI
РӘСIМДЕРI


21-бап. Экономика саласында шешiмдер қабылдау
рәсiмдерiне қойылатын негiзгi талаптар

1. Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерi:
1) жария және ашық (заңдармен белгiленген шектерде) болуға;
2) мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруге қатысатын, мемлекеттiң жұмыстарын атқаруға және қызметтер көрсетуге, тауарлар сатуға, кредиттер алуға үмiткер азаматтар мен ұйымдарға қатысты тендерлiк бастауларға негiзделуге;
3) меншiк нысанына және өзге де мән-жайларға қарамастан, шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң заң тұрғысынан теңдiгi принципiне негiзделуге тиiс.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар:
1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттарын бөлуге (оның iшiнде мемлекеттiк тапсырыстарды орналастыру мен мемлекеттiк сатып алу кезiнде), кредиттiк ресурстарды бөлуге;
2) рұқсаттар, лицензиялар мен патенттер беруге (салық патенттерiн қоспағанда);
3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңдарда белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар беруге;
4) мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруге;
5) мемлекеттiк активтердi басқаруға байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерiне қолданылады.


22-бап. Экономикалық шешiмдер қабылдау саласындағы
шектеулер мен тыйымдар

Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнде:
1) мемлекеттiк бюджет қаражаттарының мақсатсыз пайдаланылуына;
2) тауарлар мен қызметтер рыногындағы бәсекенi шектеуге немесе жоюға;
3) табиғи монополияларды және заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қызметтiң жекелеген түрлерiне мемлекет монополиясын қоспағанда, жекелеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң рыноктағы монополиялық жағдайына;
4) заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бiртұтас рыноктық кеңiстiгi шегiнде капиталдың, еңбек ресурстары мен тауарлардың еркiн қозғалуына кедергiлер белгiлеуге;
5) ел экономикасындағы қазақстандық тауар өндiрушiлердiң үлесiн негiзсiз төмендетуге жол бермейтiн тыйымдар мен шектеулер көзделуге тиiс.


6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР


23-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық

Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.18 N 262 Заңымен.


24-бап. Осы Заңның өзге нормативтiк құқықтық актiлермен
арақатынасы

1. Осы Заңның ережелерi әкiмшiлiк рәсiмдердiң жекелеген түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау үшiн негiзгi ережелер болып табылады.
2. Осы Заңға сәйкес жекелеген мемлекеттiк функцияларды орындау тәртiбi туралы заңдарда осы мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыру тәртiбiнiң ерекшелiктерiн айқындайтын әкiмшiлiк рәсiмдер белгiленуi мүмкiн.


25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу

Осы Заң оның ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi, осы мерзiм iшiнде мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өздерiнiң әкiмшiлiк рәсiмдердi регламенттейтiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерiн осы Заңға сәйкес келтiруге тиiс.

Қазақстан Республикасының
Президентi

Құрметті сайтқа кірушілер!

Мен Сіздерді Қарағанды облыстық мәслихатының ресми веб-сайтында көргеніме қуаныштымын!

  • Фотогалерея
  • ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС

Статистика посетителей

  • 1424за неделю
  • 590за сутки
  • 30сейчас на сайте

Мы в Твиттере

Дауыс беру

  • Жаңалықтар
  • Cессиялары
  • Шешімдерi
Қарағанды облыстық мәслихатының XIII сессиясы төрағасының ШЕШІМІ 18.03.2013

Қарағанды облыстық мәслихатының XIII сессиясы төрағасының ШЕШІМІ облыстық мәслихаттың XIII сессиясын шақыру туралы

2013 жылдың 12 наурыз бен 21 наурыз аралығында 11 неміс оқушысы мен 2 ұстазы қонақ ретінде қазақ жеріне жауапты сапармен келді. 21.03.2013

2012 жылы Қарағанды облысы, Шашубай кентінің оқушылары «Кеңес Одағының құлағанына 20 жыл, Берлин қабырғасының алынғанына 20 жыл» атты зияткерлік сайысында бірінші орын алып, нәтижесінде оқушылар құрдастарымен кездесуге Германияға баруға мүмкіндік алды.

Облыстық мәслихаттың кезекті XIII сессиясы 28.03.2013

2013 жылдың 28 наурызында облыс әкімдігінде депутат Гүлнар Қадыржанқызы Бижанованың төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың кезекті XIII сессиясы өтті.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XV сессиясы 06.06.2013

2013 жылдың 5 маусым күні облыс әкімдігінде облыстық мәслихаттың депутаты М.Шамбуловтың төрағалық етуімен мәслихаттың кезектен тыс  XV сессиясы өтті.

2017 жыл 11.04.2017 17:16:00

2016 жыл

Қарағанды Облыстық Мәслихатының 5 шақырылымдағы 2016 жылғы шешімдер тізбесі

2015 жыл

Қарағанды Облыстық Мәслихатының 5 шақырылымдағы 2015 жылғы шешімдер тізбесі

akorda.kz

Официальный сайт Президента РК

government.kz

Официальный сайт Правительства РК

parlam.kz

Официальный сайт Парламента РК

karaganda-region.kz

Сайт акимата Карагандинской области